Мұнай-газ, теңіз және өнеркәсіп салаларына арналған VR-тренажерлер · Қазақстан

Алдымен — VR-да. Содан кейін — нысанда.

Кәсіпорныңыздың техкарталары мен регламенттері бойынша жасалған VR-тренажерлер. Қызметкерлер операциялар мен авария кезіндегі әрекеттерді ұңғымаға немесе кемеге шықпас бұрын пысықтайды — қанша керек болса, сонша рет, адамдар мен жабдыққа қатерсіз.

Көрсетілім тегін: Астанадағы кеңсеңізге немесе оқу орталығыңызға шлемдерді алып келіп, тренажерлерімізді көрсетеміз. Басқа қалаларға — келісім бойынша.

  • Ақтаудағы теңіз оқу орталығы үшін жасалған теңіз тренажері тапсырыс берушіге өткізілді
  • Теңіз тренажері — қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде
  • ЭТА-60, ЭШН, спайдер және гидравликалық кілтпен ұңғыма жөндеудің 6 сценарийі

Қазір жұмыс істеп тұрған сценарийлер

Сайттағы барлық кадр біздің тренажерлерде түсірілген: рендерсіз және сток фотоларсыз. Шлем киген қызметкер дәл осыны көреді.

Теңіз қауіпсіздігі: кемені тастап кету және суда аман қалу

Ақтаудағы теңіз оқу орталығы үшін жасалған тренажер. Тапсырыс берушіге өткізілген, интерфейсі үш тілде.

Жоба туралы толығырақ
  1. Суға тастар алдында кеме бортындағы құтқару салының контейнері

    Құтқару салын суға тастау

    Дабыл белгісі, гидротермокостюм мен жилет, леер қоршауы, штормтрап, глаголь-гак және контейнерді суға тастау — бәрі дұрыс ретпен.

  2. Судағы оқушы салға шығу үшін оның бортынан ұстайды

    Салға отыру

    Штормтраппен төмен түсу, салға отыру, фалиньді пышақпен кесу, жүзбелі зәкірді тастау және тентті жабу.

  3. Оқушы судағы адамға лақтыру үшін салда құтқару шеңберін алады

    Борттан құлаған адам

    Зардап шегуші он нүктенің бірінде пайда болады: оны тауып, құтқару шеңберін дәл лақтыру керек.

  4. Аударылған салды аудару: оқушы түбіндегі белдіктерден ұстайды

    Салды аудару

    Аударылған салға шығу, оны қайта аудару және суын шөмішпен төгу.

  5. Салдағы оқушының қолында жанып тұрған қол алауы

    Сигналдық пиротехника

    Түтін шашкасы, қол алауы және парашютті зымыран: қақпақ, түйреуіш, іске қосу.

  6. SART радиолокациялық жауап бергішін қосу

    Алғашқы көмек және SART

    Зардап шегушінің қолын таңу және SART радиолокациялық транспондерін қосу.

Ұңғымаларды жерасты жөндеу: саға, штангалар және СКҚ

Өзара байланысты алты ҰЖЖ сценарийі. Пилоттық нұсқа: қадамдарды кәсіпорныңыздың техкартасымен салыстырып тексереміз.

Жоба туралы толығырақ
  1. Сағаны бөлшектеу: тез ажыратылатын гайка жанындағы балға, көрсеткілер соққы бағытын көрсетеді

    Сағаны бөлшектеу

    Алдымен ысырмаларды жауып, қысымның жоқ екеніне көз жеткізу. Содан кейін — балғамен тез ажыратылатын гайкалар, ЭШН және штанга кілттері.

  2. Қолдар штангалар төселген көпір үстінде ЭШН штропын ұстап тұр, жанында ілгек блогы

    Штангаларды көтеру

    Штангаға ЭШН кигізу, бекіткіш, ілгек, штанга кілті. Цикл екі штангада пысықталады.

  3. Штроптардағы ЭТА-60 құбыр элеваторы құбырды саға үстінде ұстап тұр

    СКҚ көтеру

    Ілгектегі ЭТА-60, спайдер, крестовинаны балғамен босату, гидравликалық кілтпен бұрап ағыту, құбырды көпіршеге салу.

  4. СКҚ құбырындағы манометрі бар гидравликалық кілт, астында сыналары бар спайдер

    СКҚ түсіру

    Құбырды көпіршеден сағаға беру, спайдер, гидравликалық кілтпен бұрап жалғау, бағананы отырғызу.

  5. Сағада штанга кілтімен сорғы штангасын бұрау: «Штанганы кілтпен бұраңыз» кеңесі

    Штангаларды түсіру

    Штангаға ЭШН кигізу, ілгекпен сағаға беру, кілтпен бұрап жалғау, ЭШН-ді шешу.

  6. Сағаны монтаждау: оқушы саға арматурасының үшайырын қолымен бұрайды

    Сағаны монтаждау

    Сағалық сальник жинағы, балғамен тез ажыратылатын гайкалар, шығару желісі, ысырмаларды ашу.

Жобалар

Біз әзірлеген жобалар: сценарий мен негізгі 3D-модельдерден бастап әр қадамның логикасына дейін.

Теңіз тренажері: құтқару салының контейнерін тастау, құтқару шеңберін лақтыру, салға отыру

Ақтаудағы теңіз оқу орталығы · теңіз қауіпсіздігі

Кемені тастап кету және құтқару салында аман қалу

Курсант дабыл белгісінен бастап салдағы тентті жабуға дейінгі жолдан өтеді: гидротермокостюм киеді, салды суға тастайды, штормтраппен түседі және судағы әрекеттерді орындайды.

Тапсырыс беруші
Ақтаудағы теңіз оқу орталығы
Сценарийлер
6 сценарий, 31 қадам
Тілдер
Қазақша, русский, English
Мұнай-газ тренажері: көпірдегі ЭТА-60 элеваторы, тізбекті ұстау, гидравликалық кілтпен бұрау

Мұнай өндіру · ұңғымаларды жерасты жөндеу

Ұңғыманы жөндеу: сағаны бөлшектеуден монтаждауға дейін

Өзара байланысты алты сценарийде ҰЖЖ операторы толық циклден өз қолымен өтеді: сағаны бөлшектейді, штангалар мен СКҚ құбырларын көтеріп-түсіреді, арматураны қайта жинайды.

Сценарийлер
6 сценарий, 160-қа жуық қадам
Жабдық
ЭТА-60, ЭШН, спайдер, гидравликалық кілт
Модельдер
Негізгі жабдықты өзіміз модельдедік

Неге тағы бір нұсқама емес, тренажер?

Регламентті жатқа біле тұра, палубада немесе саға басында абдырап қалуға болады. Өзіне деген сенім адам мұны өз қолымен бірнеше рет істегеннен кейін пайда болады.

  1. Нағыз аварияны нысанда қолдан жасау мүмкін емес

    Оқу-жаттығу дабылы жұмысты тоқтатпай өтеді, ал салды аудару мен өрт сөндіру курстарда пысықталады. VR-да сценарийді адамдар мен жабдыққа қатерсіз, қанша керек болса, сонша рет іске қосуға болады.

  2. Нысанға бармай-ақ жаттығу

    Қадамдарды ұңғымасыз, кемесіз және топты кен орнына апармай-ақ пысықтауға болады. Тренажер оқу сыныбында, базада немесе вахталық кентте тұрады.

  3. Әр ауысымға бірдей қадамдар

    Әр қызметкер техкартадағы бірдей реттіліктен өтеді. Ағымдағы қадам орындалмайынша, тренажер әрі қарай өткізбейді.

Ресми деректер: өндірістік жарақаттану және оқытуға қойылатын талаптар
202
адам 2024 жылы Қазақстанда өндірісте қаза таптыҚР ЕХӘҚМ, 2025
35,5%
жазатайым оқиға 2024 жылы жұмыстарды қанағаттанарлықсыз ұйымдастыруға байланысты болғанҚР ЕХӘҚМ, 2025
35%
оқыс оқиға 2025 жылы ҚМГ тобының мердігерлерінде бұрғылау мен ұңғымаларды жөндеу жұмыстарында болғанҚМГ-ның 2025 жылғы тұрақты даму туралы есебі
16 сағ
практика, оның ішінде тренажерлер мен симуляторларда, — ЕҚжЕҚ бойынша оқыту қағидаларының жаңа редакциясындағы ең аз көлемЕХӘҚМ 30.05.2026 ж. № 223 бұйрығы
VR-тренажерде манометрі бар гидравликалық кілт спайдер үстінде СКҚ құбырын бұрайды

Тренажер қалай жұмыс істейді

Қызметкер әрекетті мәзірден таңдамайды: құралды контроллермен алып, онымен шынайы өмірдегідей жұмыс істейді. Ысырманы бұрайды, балғамен соғады, спайдер иінтірегін тартады, ал физика әр қимылға жауап береді.

Мәзір емес, қимыл
Физикаға бағынатын виртуалды қолдар: кілт, балға, шөміш және қол алауы алынып, қолдың қимылымен әрекетке келтіріледі.
Техкартаңыздағы қадамдар
Сценарий технологиялық карта мен регламент бойынша құрылады. Келесі әрекетті мәтін, ал торап орнатылатын жерді голограмма көрсетеді.
Жабдықтың өзіміз жасаған 3D-модельдері
ЭТА-60, ЭШН, спайдер мен гидравликалық кілтті өзіміз модельдедік. Нысаныңыздың жабдығын сызбалар, фотосуреттер мен өлшеулер бойынша модельдейміз.
Үш тіл
Теңіз тренажері қазірдің өзінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. Жаңа тренажердің тілін сіз таңдайсыз.
Әр қадамды бақылау
Қадам орындалмайынша, тренажер әрі қарай өткізбейді. Енгізу кезінде нұсқауларсыз емтихан режимін, қателер мен уақытты есепке алуды және әр қызметкер бойынша журналды қосамыз.
Интернетсіз жұмыс істейді
Шлемді алғашқы баптаудан кейін тренажер жергілікті түрде іске қосылады: байланыс жоқ кен орындарына, кемелерге және оқу сыныптарына жарамды.

Дилер емес, қазақстандық команда

2024 жылдан бері VR-жобалар жасаймыз. Жобаны техкарталар мен регламенттерді талдаудан бастап кодтың соңғы жолына дейін жүргіземіз.

  • Сагынай Кенесбек

    Негізін қалаушы, техникалық директор

    Unity-әзірлеуші. Тренажерлеріміздегі сценарий логикасына, өзара әрекеттесу физикасына және нұсқаулар жүйесіне жауап береді.

    LinkedIn
  • Нурхат Дуйсенбаев

    3D-суретші

    Жабдықты Blender-де модельдейді: құтқару салының контейнерінен бастап саға арматурасына дейін.

    LinkedIn

Атқарған жұмыстарымыз

  1. 2024VRSchool — виртуалды шынайылықтағы STEM-жоба: геометрия, физика, биология.
  2. 2024–2025Ақтаудағы теңіз оқу орталығы үшін теңіз тренажері: кемені тастап кету және суда аман қалу.
  3. 2025Ұңғымаларды жерасты жөндеу тренажері: алты сценарий, 160-қа жуық қадам.
  4. 2026Saqtyq-ты іске қосамыз: Қазақстан өнеркәсібіне арналған VR-тренажерлер мен 3D-визуализация.

Тапсырыс берушімен қалай жұмыс істейміз

Әзірлеу — Қазақстанда
Команда Астанада, әзірлеу мен қолдау да Қазақстанда. Бұл жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық компаниялардың сатып алуы үшін маңызды.
Қазақ тілі
Интерфейс пен нұсқауларды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жасаймыз; терминологияны тапсырыс берушінің мамандарымен бірге тексереміз.
Типтік емес, өз нысаныңыз
Сценарийді орташа каталог бойынша емес, сіздің техкарталарыңыз бен жабдығыңыз бойынша құрамыз.
Құпиялылық
Құжаттарды алғанға дейін NDA-ға қол қоямыз. Техкарталарыңызды, регламенттеріңізді және нысаныңыздан түсірілген фотосуреттерді жарияламаймыз және үшінші тұлғаларға бермейміз.
Қолдау — жаныңызда
Орнатуға келеміз, нұсқаушыларды оқытамыз, регламент өзгерсе, сценарийлерді жаңартамыз.

Жұмыс форматтары

Кішіден бастаңыз. Көрсетілім тегін, ал пилоттық жобаның мерзімі мен бюджеті шектеулі.

  • Сценарийлеріміз бойынша пилоттық жоба

    Біздің VR-станциямыз 4–8 апта бойы сізде жұмыс істейді: сатып алу туралы шешім қабылдағанға дейін форматты өз тобыңызда тексересіз. Қадамдарды техкартаңызбен салыстырамыз.

    • Пилоттық жоба кезеңіне VR-станция
    • Әр жұмыскер бойынша журнал мен хаттама
    • Алдын ала және қорытынды тест, есеп
    • Құнын 90 күн ішінде жасалған шартқа есептейміз

    1,5 млн ₸-⁠ден бастап

    Жобаны талқылау
  • Процесіңізге арналған сценарий

    Техкартаңыз бен жабдығыңыз бойынша тренажер: нысанға барудан бастап орнатуға дейін.

    • 3D-модельдер: кітапханамыздан немесе жаңадан — смета бойынша
    • Қазақ, орыс, ағылшын тілдері
    • Орнату және нұсқаушыларды оқыту
    • Кепілдік бойынша қолдау

    бір сценарийге 4,5 млн ₸-⁠ден бастап

    Смета сұрау
  • Процестердің 3D-визуализациясы

    Оқыту мен таныстырылымдарға арналған анимациялық бейненұсқаулықтар және жабдықтың интерактивті 3D-модельдері.

    • Технологиялық процесс туралы 60–120 секундтық ролик
    • Сайтқа немесе планшетке арналған интерактивті модель — жеке смета бойынша
    • Үш тілдегі субтитрлер

    ролик — 1,2 млн ₸-⁠ден бастап

    Роликке тапсырыс беру

Бағаларға ҚҚС кірмейді. Салықтарды қоса алғандағы қорытынды соманы, шарт талаптарын және сатып алуға арналған құжаттар тізбесін коммерциялық ұсыныста келісеміз. 4 орындық VR-сынып: бағдарламалық қамтамасыз ету, орнату және нұсқаушыларды оқыту — 5 млн ₸-⁠ден бастап; жабдық — серіктес арқылы немесе біздің спецификациямыз бойынша (бір станцияға ≈1,3–1,5 млн ₸).

Техкартадан тренажерге дейін

Қысқа кезеңдермен жұмыс істейміз. Әр кезеңнен кейін нәтижені көріп, сценарийді түзете аласыз.

  1. Көрсетілім1 кездесу

    Шлемдерді алып келіп, тренажерлерімізді еңбекті қорғау және оқыту жөніндегі мамандарға көрсетеміз. Қай операцияларды пысықтау ең маңызды екенін талқылаймыз.

  2. Процесті талдау1–2 апта

    Құпиялылық туралы келісімге (NDA) қол қойып, техкарталарды, регламенттерді және аварияларды жою жоспарларын зерделейміз. Нысанға барып, жабдықты суретке түсіріп, өлшейміз.

  3. Сценарий және 3D-модельдер2–4 апта

    Қадамдар мен авариялық оқиғаларды жазып шығамыз, жабдықты нақты масштабта модельдейміз. Сценарийді сіз бекітесіз.

  4. Жинақтау және топта сынау3–6 апта

    Тренажерді жинақтап, оны қызметкерлеріңіздің тобында тексереміз. Нұсқаушылардың ескертпелерін жинап, тренажерді жетілдіреміз.

  5. Енгізу және қолдаушарт бойынша

    Жабдығыңызға орнатамыз, нұсқаушыларды оқытамыз, регламенттер өзгергенде сценарийлерді жаңартамыз.

Процесіңізге арналған алғашқы сценарий 6–12 аптада жасалады. Бізге таныс жабдықтағы сценарий жаңа алаңдағы бірнеше сценарийден тұратын кешенге қарағанда тезірек жасалады.

Қай салаларға арналған

Теңіз және мұнай-газ салаларына арналған тренажерлер жасадық. Тау-кен өндірісі, энергетика және құтқару қызметтері үшін сол негізде процесіңізге сай сценарийлер жасаймыз.

  • Тренажер жасағанбыз

    Мұнай және газ

    Ұңғымаларды жерасты жөндеу (ҰЖЖ) және түсіру-көтеру операциялары. Ұңғымаларды күрделі жөндеу (ҰКЖ), қысым астындағы жұмыс және газға қауіпті жұмыстар — процесіңізге сай.

    ҰЖЖ және ҰКЖ бригадалары, мұнай-сервистік компаниялар, оқу орталықтары

  • Тренажер жасағанбыз

    Теңіз саласы

    Кемені тастап кету, құтқару құралдары, борттан құлаған адам. Өрт пен кемеге су кіру — процесіңізге сай.

    Экипаждар мен курсанттарды даярлау, оқу орталықтары

  • Процесіңізге сай

    Тау-кен өндірісі және металлургия

    Өрт және газдану кезіндегі әрекеттер, өзін-өзі құтқарғыштар, энергия көздерін оқшаулау, жүк көтергіш механизмдермен жұмыс.

    Шахталар, кеніштер, байыту фабрикалары, цехтар

  • Процесіңізге сай

    Энергетика

    Жедел ауыстырып қосулар, электр қауіпсіздігі, биіктікте және шектеулі кеңістікте жұмыс.

    Қосалқы станциялар, электр беру желілері, жылу электр станциялары

  • Процесіңізге сай

    Құтқару қызметтері

    Судағы және құрлықтағы төтенше жағдайлар кезіндегі әрекеттер, құтқару жабдығын пайдалану, алғашқы көмек.

    Оқу орталықтары, жеке құрамды даярлау

  • Процесіңізге сай

    Колледждер мен ЖОО

    Оқу шеберханасында жоқ жабдықпен жаттығу және алғашқы вахтаға дейін мамандықпен танысу.

    Техникалық колледждер, университеттер, корпоративтік оқу орталықтары

Жиі қойылатын сұрақтар

VR-шлемдерді бірден сатып алу керек пе?

Жоқ. Көрсетілімге және пилоттық жобаға өз жабдығымызды алып келеміз. Қазір тренажерлер «RTX 4070 деңгейіндегі бейнекартасы бар ДК + Meta Quest 3 шлемі» жиынтығында жұмыс істейді. Тұрақты жұмыс үшін бюджетіңізге сай жиынтық таңдаймыз: бір станция шамамен 1,3–1,5 млн ₸ тұрады. Егер ақпараттық қауіпсіздік қызметі Meta есептік жазбаларын пайдалануға рұқсат бермесе, оларсыз жұмыс істейтін шлем таңдаймыз.

Тренажер қанша тұрады?

Сценарийлеріміз бойынша пилоттық жоба — 1,5 млн ₸-⁠ден бастап, процесіңізге арналған сценарий — 4,5 млн ₸-⁠ден бастап. 4 орындық VR-сынып: бағдарламалық қамтамасыз ету, орнату және нұсқаушыларды оқыту — 5 млн ₸-⁠ден бастап; жабдық — серіктес арқылы немесе біздің спецификациямыз бойынша (бір станцияға ≈1,3–1,5 млн ₸). Бағаларға ҚҚС кірмейді. Нақты сметаны техкартаңызды талдағаннан кейін тегін дайындаймыз.

Әзірлеу қанша уақыт алады?

Процесіңізге арналған алғашқы сценарий — техкартаны талдаудан топта сынауға дейін 6–12 апта. Бірнеше сценарийден тұратын жиынтық — үш айдан бастап. Нақты мерзімді сметада көрсетеміз.

Тренажерді біздің жабдыққа бейімдеп жасауға бола ма?

Иә, бұл — жұмысымыздың негізгі бөлігі. Модельдерді сызбаларыңыз, фотосуреттеріңіз бен өлшеулеріңіз бойынша, ал қадамдарды техкарталарыңыз бен регламенттеріңіз бойынша құрамыз.

Тренажер қай тілде болады?

Теңіз тренажері қазірдің өзінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. Жаңа тренажерді сізге қажетті тілдерде жасаймыз; тіл бастар алдында мәзірден таңдалады.

Тренажер интернетсіз жұмыс істей ме?

Иә. Шлемді алғашқы баптаудан кейін тренажер жергілікті түрде іске қосылады және желіге қосылуды қажет етпейді, сондықтан кен орындарына, кемелерге және вахталық кенттерге жарамды.

VR еңбекті қорғау бойынша міндетті оқытуды алмастыра ма?

Жоқ, біз ондай уәде бермейміз. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша оқыту қағидаларының жаңа редакциясы (ЕХӘҚМ 2026 жылғы 30 мамырдағы № 223 бұйрығы) тренажерлер мен симуляторлардағы практиканы тікелей атап көрсетеді (12-тармақ). Бұйрыққа сәйкес жаңа редакция 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі; министрлік қолданысқа енгізу мерзімін 2027 жылғы 1 қаңтарға шегеру туралы бастама көтерді. VR-тренажер мұндай практика туралы талапты орындауға көмектеседі және аварияларды жою жоспары бойынша аварияға қарсы жаттығуларға дайындайды, бірақ оқу-жаттығу дабылын алмастырмайды. Білімді тексеру мен құжаттарды әдеттегідей өзіңіз ресімдейсіз.

Оқыту нәтижелері сақтала ма?

Қазір тренажер қызметкерді техкарта қадамдары бойынша жүргізеді және дұрыс әрекет жасалмайынша әрі қарай өткізбейді. Енгізу кезінде нұсқауларсыз емтихан режимін, қателер мен уақытты есепке алуды және әр қызметкер бойынша журналды қосамыз; журналды еңбекті қорғау қызметі үшін жүктеп алуға болады.

Техкарталарымыз бен нысаннан түсірілген фотосуреттерге не болады?

Құжаттарды алғанға дейін NDA-ға қол қоямыз. Техкарталарыңызды, регламенттеріңізді және нысаныңыздан түсірілген фотосуреттерді жарияламаймыз және үшінші тұлғаларға бермейміз. Нені қайта пайдалануға болатынын, мысалы, сериялық жабдық модельдерін, шартта бекітеміз: дайын модельдер мерзімді қысқартып, бағаны төмендетеді.

Тренажерге құқық кімге тиесілі?

Бұл шартта айқындалады. Жабдығыңызға арналған сценарийлерге айрықша құқық немесе пайдалануға лицензия алуға болады — лицензия арзанырақ.

Тренажердің нәтиже беретінін қалай білуге болады?

Пилоттық жобада VR-тренажерден өткен топты әдеттегі нұсқамадан өткен топпен салыстырамыз: операцияны орындау уақыты, қателер саны және нұсқаушылардың бағасы бойынша. Қауіпсіздікке VR арқылы оқыту туралы зерттеулердің мета-талдауына сәйкес (Safety Science, 2024), мұндай оқыту білімді меңгеру және есте сақтау бойынша орта есеппен дәстүрлі оқытудан жақсырақ нәтиже береді, бірақ нәтижені біз сіздің қызметкерлеріңізде өлшейміз.

Тренажерді көзбе-көз көрсетеміз

Байланыс деректеріңізді қалдырыңыз, көрсетілім уақытын келісеміз. Шлемдерді алып келіп, тренажерлерімізді мамандарыңызға көрсетеміз.

Немесе бізге тікелей жазыңыз:

WhatsApp+7 705 899 76 86+7 705 272 37 52hello@saqtyq.kz

Дс–Жм, 9:00–19:00, Астана уақытымен

Телефон немесе email жеткілікті

* Міндетті: аты, телефон немесе email және деректерді өңдеуге келісім.